Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Алматы қаласы
Хабарландырулар
18.04.2024
Респонденттерге қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізілді

Мемлекеттік статистика саласында респонденттерге қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

2024 жылғы 6 сәуірдегі «Бизнесті жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы аясында «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңының 12-2-бабына өзгерістер енгізілді. 

Енді респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсыну кестесінде көрсетілген мерзім ішінде есеп уақтылы тапсырылмаса, профилактикалық бақылаусыз-ақ, респонденттер айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке бірден тартылатын болады. 

Сондай-ақ бастапқы статистикалық деректердің дәйексіздігі анықталған жағдайда, респонденттерге статистикалық нысандарға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі. Түзетулер енгізу статистикалық нысанды қайта ұсыну немесе деректердің дұрыстығын растау бойынша қосымша ақпарат беру арқылы бір жұмыс күні ішінде (бұған дейін екі күн берілген) жасалуы тиіс. Дәлелдемелер болмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалады. 

Аталған өзгерістер БАҚ беттерінде жарияланған күннен 60 күн өткен соң (2024 жылғы 8 маусымнан бастап) күшіне енетінін ескертеміз. 

Біз барлық респондентті статистикалық есептерді белгіленген мерзім ішінде тапсыруға және себеп-салдарын алдын алу үшін сенімді деректерді ұсынуға шақырамыз. 

Анықтама: 

Бастапқы статистикалық деректерді алғаш рет бұрыс ұсынғаны үшін респондентке ескерту беріледі, мүлде ұсынбағаны үшін айыппұл салынады (ҚР ӘҚБК 497-бабының 2-тармағы). 

Айыппұлдар келесі мөлшерде белгіленеді: 

Жеке тұлғаларға – 10 АЕК; 

Лауазымды тұлғаларға, КЕҰ-ға, шағын бизнес субъектілеріне – 14 АЕК; 

Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК; 

Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК. 

Алғашқы бұзушылықтан кейін бір жыл ішінде бастапқы статистикалық деректерді тапсыру мерзімін қайта бұзу (сондай-ақ дәйексіз мәліметтерді қайта ұсыну) анықталған жағдайда айыппұл салынады: 

Жеке тұлғаларға – 14 АЕК; 

Лауазымды тұлғаларға, КЕҰ-ға, шағын бизнес субъектілеріне – 20 АЕК; 

Орта кәсіпкерлік субъектілері – 40 АЕК; 

Ірі кәсіпкерлік субъектілері – 150 АЕК. 

Онлайн кеңесші